Қуандық Бишімбаев пен марқұм Салтанат Нүкенованың некесі екі рет қиылғаны мәлім болды. Имамдардың кінәсі бар ма? |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ораз Әлімбековтің фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бишімбаевтың жауыздығы»: Қуандық пен Салтанаттың некесі екі мәрте мешітте қиылды. Неге?
Қуандық Бишімбаев жауыздықпен өлтіріп тастаған Салтанат Нүкенованың «пешенесіне жазылған» тағдырында айтылмай қалған бір жайт бар. Қуандық бірінші әйелімен ресми ажырасқан. Ал ол Салтанатқа үйленгенде некесін Астанадағы мешітте қидырған (алғашқы некені қай имам қиғанын анықтаймын әлі — авт.), дүркіретіп той жасаған. Қуандық пен Салтанаттың арасындағы өзара келіспеушіліктің бір себебі некенің АХАЖ-да (ЗАГС) емес, мешітте қиылғаны сияқты. Ерлі-зайыптылардың арасында болған кезекті ұрыс-керістен соң Салтанат төркініне кетіп қалады. Ал Қуандық Салтанаттың соңынан іздеп барып, оны бірге тұруға азғырып қайта көндіріп, «анау неке саған аздық ете ме...» дегендей Павлодар мешітінде имамға тағы некесін қидырады. Алғашқы некеде имам Ханафи мазһабының шартын орындады ма, орындамады ма, оны білмейміз. Ал Павлодардағы мешітте Қуандық пен Салтанаттың неке қиюында «куәдәрміз, куәдәрміз, куәлікке жүрәдәрміз» деп әндететін «пасық емес екі мұсылман» куә болмаған. Имамның өзі неке қия салыпты. Сонда бұл имам Мәлики мазһабының шартымен неке қия салған болып тұр ғой?!! Көріп отырғанымыздай, «қасиетті» екі мешітте екі имам қиған екі неке адамзаттың жаны түршігетін ауыр қайғы-қасіретке алып келді.
Әрине, екінші имам бірінші имамның Қуандық пен Салтанат некесін қиып тастағанын білмеген шығар. Білсе де, ақша берсе неке қиып, жемқорлар мен жауыздарға дұға оқи береді ғой дүниеге тоймайтын ашқарақ молдалар. Себебі, мешіттерде католик шіркеулеріндегідей немесе зайырлы мемлекеттегідей АХАЖ (ЗАГС) жүйесі жоқ, хал актілерін (неке) тіркейтін ортақ база жоқ. Бір имам екінші имамның не істегенін білмейді. Бір еркек он мешітке барып он әйелмен некесін қидырып алуына болады. Мұндай бассыздықты, қазақ қоғамындағы сексизмді өршітіп отырған ҚМДБ мешіттерін неке қию рәсіміне жолатпау керек. Ал, Салтанаттың некесін қиған анау екі имам куә ретінде сотқа шақыртылып, тергелуі тиіс. Олар тән жазасын тартпаса да, жан (моралдық) азасын тартсын!
Сіз қалай ойласыз, құрметті оқырман?!
2022 жылдың тамызында ашылған "Бас мешіт" (НӘН салдырған, өзі лентасын кескен) 2023 жылдың соңында 5 мыңыншы неке қидық деп қуанышты хабар таратқан. Сонда республика бойынша мешіттерде қанша неке қиылып, сол рәсімге қанша млн теңге төлейтінін есептей бер. Имамдар бұл көлденең табыстан бір тиын салық төлеп отырған жоқ", деп жазды.